Quantcast
Channel: Қамшыбасар –Қазақстан-ZAMAN
Viewing all articles
Browse latest Browse all 172

Журналистика —төртінші билік емес!..

$
0
0

ЖурналистЖыл сайын журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Журналистика төртінші билік пе?» деген мақалаларды көзіміз шалып қалады. Журналистика билік емес, журналистика — қоғамдық сананың қозғаушы күші. Қоғамдағы өзекті мәселені дер кезінде көтеріп, билік назарын аудартатын да журналистика, даулы мәселе туындағанда ақ-қараны ажыратып, ақиқи ақпарат беруді «ардың ісі» санайтын да журналистика. Жылағанды жұбататын да, сүрінгенді демейтін де, «көмектесейік» деп дабыл қағатын да журналистика. Үйі өртеніп кеткен ағайынның да, қараусыз қалған қарттың да, қамқорлықсыз қалған баланың да, емге зәру науқастың да жайын ойлайтын — журналистика. Әділдік іздеп әкімшіліктер мен құзырлы орындар табалдырығын тоздырып, есігін қағатын да журналистика. Журналистика — билік емес, биліктен де биік рухани гуманизм. Жанашырлық, ақиқатты іздеу, әділдікке ұмтыла жүріп бар ынта-ықыласымен, ниет-жігерімен, ақжарма көңілмен халыққа қызмет ету. Халықтың жоғын жоқтау, мұңын мұңдау, жыртығын жамау.
Алаш көсемсөзінің марғасқаларының бірі Міржақып Дулатов: «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді, яки қай жұрт өнерлі болса, сөзсіз оның баспасөзі күшті болатыны айдай анық», — деп, баспасөз қадірін бір ғасыр бұрын дәріптеген.
Жоғары оқу орындарында теория мен тәжірибені, ғылым мен өндірісті ұштастыру жағы жетіспей жататыны жалған емес. Мәселен, журналистика мамандығы бойынша оқыту бағдарламасында практикалық дәріс сағаттары жеткілікті. Бір сағат лекция болса, студент екі сағат тәжірибелік дәрісте отырады. Осы тәжірибелік сағаттарды өндірісте өткізіп, өндіріс мамандарының жанында, қолмен ұстап, көзбен көріп үйренулері қажет. Ірі медиа корпорациялар мен редакциялар жанынан тәжірибелік аудиториялар ашып, практикалық дәрістер сол жерде өтсе, жас маман газет-журнал редакцияларындағы қайнаған қызу жұмыстың қыр-сырына қанық болып шығады. «Журналистика факультеттерінде практик мамандар дәріс берулері қажет» деген де пікір бар. Орынды пікір, алайда ол мамандар педагогика, оқытудың әдіс-тәсілдерін біле бермейді. Сондықтан ғалым-ұстаздар лекция оқып, тәжірибелік дәрістерді практик мамандарға сеніп тапсыруға болады. Тағы бір мәселе, теоретик ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын өндірісте жүзеге асыру жағы ақсап тұр. Журналистер ғалымдардың соңғы еңбектерімен, ғылыми жаңалықтарымен танысуға құлық танытпайды. Ғылыми жаңалықтарды, ізденістер мен жаңа формаларды өндіріс іліп алып, тәжірибеде жүзеге асырса, қай салада болса да серпіліс байқалар еді.
Соңғы кезде газет журналистерін толғандыратын өзекті мәселе — оқырманның азаюы, газет тиражының қысқаруы. Ақпараттық технологиялардың дамуы, ғаламтордың мерзімді баспасөзді ығыстыруы, баспасөздің жабылып, тек сайты ғана қалуының куәсі болдық. «Оқырман газет-журналмен ғаламтордан танысады, мерзімді баспасөз бірнеше жылдан кейін жоғалуы мүмкін. Мерзімді баспасөздің болашағы жоқ» деген пікірлер айтылуда. Осы мақаланы жазу барысында «Айтуға оңай» бағдарламасын көрдім. Журналистердің мерекесі қарсаңында бағдарламаға келген «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай ағамыз, газет оқымайтын оқырман Кеңес үкіметінің кезінде болғанын айтса, журналист Жұлдыз Әбділдә дамыған батыс елдері әлі де мерзімді баспасөз шығарып отырғанын тілге тиек етті. Аталған пікірлер орынды, оқырманды жоғалтпаудың жолдарын қарастырып, оқырман тәрбиелеуге мән беру керекпіз. Орыс зерттеушілер баланы кітаппен достастыруды тоғыз айынан бастау қажеттігін айтады. Мектеп оқушыларына кітап, газет-журнал оқуды насихаттауды жүйелі атқару үшін нақты жобалар жасауымыз қажет. Мәдениет және ақпараттық коммуникация министрлігі осындай ілкімді жобаларды қаржыландыруға көңіл бөлсе, ұтар едік. Баланы кітап оқуға бейімдеп қана қоймай, көркем әдебиет арқылы тәрбиелеп, рухани байлығын арттырар едік. Күні-түні ғаламторға телмірген жасөспірімдерді «жаһандану» деген үрдістің ғалам «торынан» арашалап алған болар едік.
Бағдарламада «Қазақстан ZAMAN» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы медиа маркетингті жолға қою мәселесін жақсы айтты. Газет оқырман тарту үшін, өңірлерді аралап, олардың проблемаларымен танысып, ірі ұжымдармен кездесулер ұйымдастырып, халықпен тікелей жұмыстар жүргізулері керек. Сондай-ақ, қазіргі кезде мерзімді басылымдардың маркетингімен айналысатын медиа-маркетолог мамандар қажеттігі сезілді. Экономика саласындағы маркетологтар баспасөздің ішкі шеберханасын біле бермейді. Сондықтан журналистика факультетінде «қоғаммен байланыс және жарнама» саласымен айналысатын мамандарды дайындайтын мамандық бар. Осы мамандарды медиа маркетингкке баулу қажет.
Газет журналистері мерзімді басылымдардың дер кезінде оқырман қолына тимейтінін, шалғай аудандардан газетті алмағандары жөнінде қоңыраулар жиі соғылатынын айтты. Газет таратушы мекемелердің жауапкершілігінің төмендігі мен өз істеріне деген салғырттығы сөз болды. Ақпарат және коммуникация министрлігіне осы мәселені қойып, газет-журнал тарату, логистика мәселесін жолға қою керек. Бұның ішіне кітап тарату мәселесі де кіреді. Аталған шаруамен айналысатын мекемелерге тендер жариялап, бәсекеге қабілетті, іскер компанияға ғана міндеттелсе, бұл сала ақсамайтын еді деген ойдамыз. Әрине, «айтуға оңай», дегенмен бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, ойларыммен бөлісуді жөн көрдім. Себебі қазіргідегідей жаһандық дағдарыс жағдайында Елбасының өзі журналистерге сенім артып отыр. Елбасы жаһандық дағдарыстан шығудың нақты бағытын айқындап берген жиында сөйлеген сөзінде «Сіздерді «төртінші билік» деп кездейсоқ атамайды! Қазір БАҚ адамдар үшін қиындықты қалай еңсеруге болады, мынандай қиын кезде қалай аман қаламыз, қалай төтеп береміз деген мәселелерде «кеңесші» ретінде көрінуге тиіс. Азаматтарды басқа адамдардың оң тәжірибесі арқылы үйрету керек. Біздің ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға да осындай рөл жүктеледі. Сенімділік, жеке белсенділік, төзімділік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік секілді көңіл күйлерді орнықтыратын материалды жиі беру керек», — деді. Елбасының бұл пікірінен журналистиканың қоғамдық пікір қалыптастыру, қоғамдық санаға әсер ету мүмкіндігінің жоғары екенін, ақпарат саласының алып күш екенін аңғардық.

Мәрия Майлықұтова
ҚазМемҚызПУ, редактор


Viewing all articles
Browse latest Browse all 172

Trending Articles