Quantcast
Channel: Қамшыбасар –Қазақстан-ZAMAN
Viewing all articles
Browse latest Browse all 172

Қалалардағы ауылдас-бауырластар, алтын бесіктеріңді ұмытпаңдар!

$
0
0

Алыста, қалада жүрсе де, ауылын сағынбайтын қазақ баласы, әй, жоқ-ау, сірә! Бастары қосыла қалса, ауылдастар құшақтаса табысып, сона-ау жусан исі аңқыған, тезектің түтіні сағыныш болып желпіген, қой-ешкісі маңыраған ауылын еске түсіріп, шүйіркелесіп, бір жасап қалмай ма? Әрине, анда-санда ауылдарына барғанда кетеуі кеткен ондағы тіршілікті көріп, көңілдің қоңылтақситыны, көздің жасаурайтыны да шындық. Алайда бәрібір ауылдың орны бөлек.
Ауыл баласы сол алтын бесігінен біржола тамыр үзгісі келмейтіні тағы да күмәнсіз. Бірақ қалай? Оның жолы бар ма? Иә, оның, яғни сағынышыңды басатын жолы бар екен. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында қатар жатқан төрт ауыл бар: Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл және Мәдениет. Осыдан екі-үш жыл бұрын той-томалақтарда «басымызды біріктіретін бір шара жасайық та» деп азаматтар айтып қалса да, ол сөз іс жүзіне аспаған. Міне, сол бастаманы төрт ауылдың бас көтерер он шақты азаматы жақында жүзеге асырды. Алматы қаласында тұрып жатқан ауылдас-бауырластар (олар өздерін осылай атауды жөн көрді) Наурыз мейрамын, төл жаңа жылдарын бірге тойлауға сөз байласты. Ешкім келмей ме деп ойлаған. Жоқ, келді. Жәй келмеді, сағынып жетті «Дөйт» қонақүйіне. Жиырма, отыз, қырық жылдан бері кездеспеген олар қуана қауышты, тіптен көздеріне жас алғандар да бар. Алдымен Наурыз құрметіне театрландырылған тамаша көрініс жасалды. Қыдыр ата бата берді. Сырттан ешқандай өнер жұлдыздары шақырылған жоқ. Осы төрт ауылдан шыққан жұлдыздар да жетерлік еді. Ақын, жазушы, композитор, әнші (опера саласында да бар), әртіс, сазгер, күйші, суретші, ғалым, сайқымазақ, биші дейсің бе, бәрі де ауылдастарына жан жүрегімен қызмет етті. Басқосуға келген екі жүз адамның бәрі аты-жөндерімен таныстырылды. Қарттар ақ тілектерін төгіп салды. Тұсаукесер тәрізді салт-дәстүрлер шынайы жүзеге асты. Несін айтасың, келгендер тек ән айтып қана қоймай, ортаға шығып би де биледі. Олар алдағы уақытта ауылдарына қалай, қандай көмек беретіндеріне дейін ақылдасты. Ең ғажабы, олар республикадағы 7 мыңның үстіндегі ауылдың сыртта тұрып жатқан ауылдастарына, бауырластарына бірауыздан шақыру хат жолдады. Мақтанып емес, үлгі-өнеге алсын деген ниетпен жазды. (Бүгін оны назарларыңызға ұсынамыз).
Әрине, басқосудың ең-ең соңында ауылдастар бір-бірімен қимай қоштасты. Жай ғана тарамай, түрегеп тұрып «Ауылым» әнін дүркірете шырқады. Әр жүректе, әр көңілде сағыныш сазы ойнап бара жатты…

(12)


Viewing all articles
Browse latest Browse all 172

Trending Articles