Келешегім, Алаш баласы! Сіздерге айтуға міндеттіміз деп санаған, өмірлік қажеттілікті ой-санаға ұтқырлықпен құйып кетуді парыз деп санаған ең өзекті өмірлік тілектер мен өсиетті өтініштеріміз өте көп. Соның бірі кітап оқудың адамзат баласына тигізетін мол пайдасының жай-жапсары жайында болатын. Соларды назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
Кітап оқудан қалған ұлттың, әсіресе оның ұрпақтары орны толмас ауыр рухани жұтқа ұшырмай, азғындыққа құламай қоймайды. Демек, надан, кеще, мәңгүрт… ел, ұлттың болашағы оңбайды. Егер кітап оқудан тыйылсақ, онда ой ойлаудан да, айналамыздағы құбылысты талдау, барлау қабілетінен де, адамгершілік қасиеттен де, тіпті құнды ұтқырлық атаулының бәрінен де айырыламыз. Сонда төрт аяқты малдан адамның айырмасы қандай дәрежеде болмақ? Азғындық пен жұтаудың сан қилы түрін бір сәтке болса да көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ағайын. Бұл, сөз жоқ, қауіпті және өкінішті.
Кітап — адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсіреповтың «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деуі осыдан. Әлбетте, кітапты таңдай білу, оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымның құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу — әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі.
Иә, талдау, болжау, талғам, таңдау дейміз… Расында да бүгінгі жастарымыздың көпшілігінің кітап оқуға деген ниеті құрдымға құлдыраған тұста талғам, таңдау туралы, адамгершілік туралы сөз қозғаудың өзі артық сияқты. Мұның негізгі себебі неде? Бұл ел ішінде қандай өзгеріс-құбылыстың кесірінен туындап отыр? Яғни кітап оқымау, журнал ұстамау, газетке қарамау… қысқасы, қазақ елін кещелік пен надандыққа жығудың, яғни бұндай жүгенсіз азғындау мен рухани жұтаудың құрдымына қарай жеткізудің, мүгедектік шарықтаудың қасіреті — тәуелсіздікті жариялағаннан кейін басталған айтулы қасіреттеріміздің бірі екені бұлтартқысыз ақиқат. Өмірлік шындыққа текті кісілікпен тіке қарайтын уақыттың туғаны қай заман. Қаншама ащы болса шындығы — осы.
Алайда бүгінгі жүгенсіз кеткен қоғамымыздың кітап орнына пайдаланып жүргендері — ұялы телефон, компьютер және ғаламтор, смартфон… негізгі оқу құралы болып отырғандығы белгілі. Әрине, айналысқа енген жаңа технология мен техникалардың жетістіктері қоғамға қажет те болар. Бірақ…
Бұл жердегі әңгіме олардың ешқандай сараптаусыз, бақылаусыз, шектеусіз күймен жүгенсіз кетіп, зиянды тұсының тамыры тереңдеп бара жатқандығы жайында болып отыр. Бұл ешкімнен де жасырын емес. Бұл — тарихи факт. Осының кесірінен бұлардың адамзат баласына тигізіп отырған пайдасынан гөрі кесапатты зияндары әлдеқайда аса ауыр күйде екені ақиқат. Алды-артын тиянақты талдаусыз, болжаусыз, талғамсыз тек көзсіздікпен, бассыздықпен, ессіздікпен «өркениет» сияқтыға еліктеу дертінің арты ауыр болатыны да даусыз. Айталық, ұрпақтарымыздың ой санасын жан-жақты улап, түрліше жағымсыз сәулелері денсаулыққа қатысты иммунитеттерді ұрлап, жүйке (нерв) талшықтарын талқандап, құлақ-көзден айырып, бойдағы табиғи қабілеттерін жалмап, мәңгүрттік қаулап… ақырында оларды теңдесі жоқ ұтқыр ұлттық дана жолдан қалай болған күнде де тайдыру, адастыру, азғындату, құрдымға жығудағы қатерлі қасіреттері анағұрлым басым күймен ушығып барады.
Қазіргі таңда компьютерлік техникаларға тәуелділік айрықша артқан тұста қоғамымызды кітап оқуға күштеу арқылы қызығушылығын арттыру оңай шаруа емес. Себебі қоғамдық тізгіннен де, өмірлік ескектен де айырылып қалдық. Уақыттың өзі дәлелдеп отырғандай, ұлттық шаңырақты ортасына түсіру оп-оңай, кейін оны қайта қалпына келтіру, керегесін тіктеу, уығын тіктеу ең қиын шаруа. Мұндай кезек күттірмейтін мемлекеттік стратегиялық өзекті мәселені қоғам, мемлекет, ұлт болып жұмылып, қолға алатын кезең әлдеқашан туғаны ақиқат.
Кеңестік дәуірде білмеген дүниеңді тезірек білу үшін үйдегі бар кітапты ақтарып, онда болмаса кітапханаға барып іздейтін едік. Тауып алған соң, жан-жақты терең зерделеп, санамызға шегелеп сіңіретін едік. Осындай ізденімпаз еңбектің арқасында ғана, өмірлік мүдделі ниет пен ынтаны еселей білудің арқасында ғана, ақырында бұрынғыдан да бетер тың серпінді серпіліспен өзімізді-өзіміз жетілдіруші де едік. Бұл — бір. Ерекше күйде ескеретін келесі екінші жағдай: ол өскелең ұрпақтарымызды ұлттық көрнекті тұлғаларымызбен, сан саладағы қайраткерлерімізбен мүмкіндігін қалай да тауып, жиі кездестіріп отырудың ұтқыр үрдісін оздыра түсу, бұл олардың кітап оқуға деген қызығушылығы мен құмартушылығын арттыра түсумен қоса, озық дәрежеде ұтқыр өмір сүре білуге деген, қоғамдық ортада тұлға бола білуге деген тың серпінді серпілістерін айрықша жандандыра түсетін ең ұтымды ұлттық асыл дәстүрлеріміздің бірі екенін бірі білсе, көпшілік білмейтіні сөзсіз. Кеңестік кезеңде адамдар бір-біріне мейірімді, бауырмал, жанашыр, қамқоршыл болуға ұмтылатын, аңсайтын.
Естеріңізде болсын, Алаш баласы!
Кітапты құмарту арқылы құлшыныспен сүйсіне көп оқыған адамның көкірек көзі әрқашанда ояу, зейіні зерек келеді. Озық дәрежеде өмір сүре білуге деген құштарлығының ұтымдылығы айнадай айқын әрі күндей жарық, абырой-беделі жоғары, мәртебелі мерейі биік, мінезі көркем, келбеті әсем, зиялы азаматтығы бекзат, талғампаз іскерлігі ұтқыр күйде келеді. Оны ешбір техника да, технология да алмастыра алмайды. Қазбалап айта берсек, кітап оқудан адамзат баласының алатын жан-жақты ләззәті мен құдіретті қуатында шектеулік жоқ. Болуы мүмкін де емес.
Біз бәріміз де қуат көзіміз. Есті де текті, көреген де кемеңгер басшының өзге мемлекеттер бізді көргенде таңғаларлық, үлгі-өнеге тұтарлық ұлағаты зор айтулы елі, кемел ұрпағы болуға міндетті. Сондықтан мемлекет, қоғам болып, һәм ұлт, халық болып, бір кісідей жұмыла бірігіп, пәрменді күрескерлікті қаулатудың жобасын жедел түрде қолға алатын ең өзекті де өткір адамзаттық мәселе екенін айдай айшықтау еді.
ХХІ ғасырдың сахнасында мәңгілік елге айналу дегеніміз ең алдымен өмірлік күрескерлік белсенділігі орасан зор, жан-жақты сауатты, білімі мен біліктігі мол, мәдениеті мен іскерлігі жоғары, жаһандық бәсекеге қабілетті ұлт бола білу деген сөз. Ендеше ел, ұлтқа, ұрпаққа деген шын мәніндегі теңдесі жоқ жанашырлыққа толы ақ ниетіміздің өзі сөз жүзінде қалып қоймаса етті.
Молдағали Матқан,
Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы Алтын медалдің иегері, қоғам қайраткері, публицист-
жазушы, академик.
(0)